AMANAT партиясының бастамасымен және серіктес ұйымдардың қолдауымен «Тең мүмкіндіктер» атты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт фестивалі ұйымдастырылды. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өткен ерекше форматтағы инклюзивті спорт фестивалінің маңызы өте зор. Іс-шараның негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балаларды спорт арқылы қоғам өміріне бейімдеу, олардың әлеуетін арттыру және тең мүмкіндік қағидатын кеңінен дәріптеу.
Фестивальді AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалы мен Шымкент қаласының Бочча федерациясы қоғамдық бірлестігі өткізді. Іс-шараның ашылу рәсімінде AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, партия филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Баян Жандосова, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов инклюзивті спортты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, жасөспірімдерге сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, фестивальге қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, демеушілер, «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Сайыс барысында балалар бочча, жеңіл атлетика және көңілді старттар бағыттары бойынша өзара сынға түсіп, ерекше белсенділік танытты. Жеңімпаздар мен қатысушыларға Алғыс хаттар, медальдар және арнайы сыйлықтар табысталды.
Фестиваль мейірім мен түсіністікке, қолдау мен ынтымақтастыққа толы мерекеге айналып, балалар мен ата-аналардың, ұстаздар мен еріктілердің жүздеріне қуаныш сыйлады.
Инклюзивті спорт сайыстары, фестивальдер одан әрі де жалғасын таппақ.
«Шымкент келбеті»