Тұғырлы тұлғалардың естеліктері жарияланды

Тұғырлы тұлғалардың естеліктері жарияланды

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарық көрген "Ғасырға бергісіз 30 жыл" кітабының тұсаукесері өтті. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан және қаланың дамып-өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер қауымы қатысты.

— Сіздерді тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ынтымақ пен бірліктің арқасында еліміз өтпелі кезеңнің қиындықтарын сәтті еңсеріп, дербес даму мен өркендеу жолына түсті. Сіздер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең күрделі кезеңдерді, сындарлы шақтарды бастан өткіздіңіздер. Өтпелі кезеңнің барлық ауыртпалықтарын көтере білдіңіздер! Сол арқылы осындай тәуелсіз ұрпақтың қалыптасуына жағдай жасадыңыздар!

Сонымен қатар бүгін біз «Ғасырға бергісіз 30 жыл: тұғырлы тұлғалар естеліктері» атты кітаптың тұсауын кесеміз. Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының және оның төрағасы Кенжехан Төлебаев ағамыздың жинақтауымен жарық көрген бұл кітапта Шымкент қаласында әр жылдары жауапты қызметтер атқарып, қаланың дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың естеліктері жинақталған.

Кітапта шаһардың 30 жылдағы даму шежіресі баяндалған,- деді Шыңғыс Жұмабекұлы.


Салтанатты шара барысында түрлі салада еңбек еткен ардагерлерге «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі табыс етілді. «Ғасырға бергісіз 30 жыл» жинағы Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаевтың жинақтауымен, ҚР Журналистер Одағының мүшелері С.Оразалыұлы мен Н.Орымбайдың редакциялауымен жарық көріп отыр.

Айта кетейік, кітап үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімге мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыс, қала басшыларының, екінші бөлімде құқық қорғау саласы ардагерлерінің, үшінші бөлімде мәдениет, білім, денсаулық саласы мамандарының естеліктері топтастырылған.