Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада «Ақан Қасымов: Қолжетімді оқу дәуірінің 95 жылдығы» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті. Өңірдің кітапханашыларының басын қосқан конференция ғалым, композитор, қазақша нүктелі-бедерлі шрифтінің авторы Ақан Қасымовтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Конференцияда түрлі жастағы зағиптар мен нашар көретін азаматтарды брайль бойынша оқуға және жазуға үйрету, жоғары білім алу, әлеуметтендіру, оңалту мекемелерінде брайльша сауаттылықты игеру мәселесіне назар аударылды.
–Ғылыми конференцияда нүктелі-бедерлі қазақ әліпбиін құрастырған Ақан Қасымовтың өмірбаянына, еңбек жолына, жеткен жетістіктеріне тоқталамыз. Жанарынан айырылған қазақ оқырмандарына демеу болған Ақан Қасымовтың 95 жылдығына орай кітапханада бедерлі шрифтің мұрасын насихаттауға, қолдануға, танымдылығын арттыруға арналған ауқымды шаралар жыл бойына өткізіледі, – дейді Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың директоры Бәкір Әбдіұлы.
Атап өтсек, Ақан Қасымов – инклюзивті білім беруді дамытуға және зағиптар үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге зор үлес қосқан азамат.