Шымкентте қала әкімдігінің қолдауымен және Alpha Academy білім гранттар орталығының ұйымдастыруымен Орталық саябақта «Тілдер саябағы» атты әлеуметтік жоба басталды. Жоба аясында 6 жастан бастап кез келген қала тұрғыны саябаққа келіп, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін үйрене алады. Оқытушылар – тілді жақсы меңгерген Alpha Academy орталығының еріктілері.
2016 жылы алғаш рет Алматы қаласынан бастау алған бұл жоба басқа қалалардан да қолдау тауып, Тараз, Шымкентте былтырдан бері өткізіліп келеді. Еліміздегі тіл саясатына үлес қосу, әлеуметтік жоба арқылы қазақ тілін насихаттай отырып, қатысушыларды тіл үйренуге деген ынтасын арттыруды көздеген жобаға Шымкентте де қызығушылардың қарасы көп болған. Жобаға былтыр қаламыздан 400-дей оқушы қатысып, сертификат алған екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл да тіл үйренуге ынталылар саны артқан.
– Бұл – халыққа арналған тың жоба. Тіл үйретуде қатысушылардың жас шамасын ескеріп, ерекше тәсілді қолданамыз. Осы орайда, біздің оқытушыларымыз академиямыздың тіл үйрету әдісін жақсы меңгерген 10-11 сынып оқушылары. Олар ерікті түрде жаздың 3 айында Орталық саябақта сабақ өтпеді. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Біздің жастардың тіл үйрету әдісі баршаңызға ұнайды деген сенімдеміз, – дейді Alpha Academy Шымкент филиалының директоры Айгерім Шерім.
Жобаның ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қалалық Тілдерді Оқыту-Әдістемелік Орталығының директоры Гүлмира Қалыбайқызы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде осындай жобалардың керектігін атап өтті.