Шымкентте жарнама мәтіндерін ретке келтіру және оның сауаттылығын қадағалау үшін рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Осы ретте Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері, құрылыс пен тіл орталығының мамандары аудан аумағындағы көше бойында орналасқан жарнамалардың «ҚР тiл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес дұрыс жазылуы бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді.
Рейд барысында кәсіпкерлік нысандардағы бланкiлер, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi және өзге де көрнекi ақпараттың жазылуында Тіл туралы заңның сақталмағаны жиі кездесті.
Жазу мәтінінде тіл заңдылығын бұзғандарға мамандар тарапынан оны түзету туралы ескерту берілді. Мұндай олқылықтар түзетілмеген жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 75-бабына сәйкес жеке кәсіп иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«ҚР Тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес кез-келген көрнекi ақпараттың мәтiндерi ең алдымен мемлекеттiк тiлде жазу міндеттелген. Содан кейі қажеттiгiне қарай қосымша басқа да тiлдерге аударылуына рұқсат етіледі.
Айта кетсек, шағын және орта бизнес өкілдеріне сыртқы жарнама құралдарын әзірлеуде мәтіннің сауатты жазылуына тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» (77-63-48) қызмет көрсетіп келеді.