Шымкентте дәстүрлі «Тілдарын» байқауы өтті. Осымен жетінші рет ұйымдастырылып отырған білім бәйгесінде студент жастар үш тілде сайысқа түсті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қатысушылар үш тілде отбасы туралы әңгімелеп, сүйікті шығармаларынан үзінді оқып, мақалдарды, тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын талдап берді. Конкурсқа келер алдында «Шымкент - сүйікті қалам» тақырыбында эссе жазды. Қырыққа тарта үміткердің ішінен 18-22 жас аралығындағы 13 қатысушы іріктеліп алынды.
Байқауға «StudyLink» ағылшын тілі мектебінің директоры С. Санаев, Назарбаев зияткерлік мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Р.Усенова және «Жан Ару» оқыту орталығының директоры С.Байгуттиева қазылық етті.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде иегері болып М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық институтының студенті Аяжан Нұрмаханқызы танылды. Ол республикалық тіл білімі конкурсына жолдама алды. Ал 1-орынды Мафтуна Игамбердиева иеленсе, 2-орын Аружан Жанызақова, Айгүл Нұрмұхамедова, Санжар Абдіжамиловқа бұйырды. 3-ші орынды Нұрсая Еділбайқызы, Демеу Камила, Айша Абдуали иеленді.
Айта кетейік, аталған байқаудың өткен жылдардағы жүлде иегерлері қатыстырылмады. Байқау жеңімпаздары мен ынталандыру иелері арнайы алғысхаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Фото: Самат Мырзалиев