«Төлем» жүйесінің негізінде автобус жолаушыларының транзакциясы 280 мыңға жетті

«Төлем» жүйесінің негізінде автобус жолаушыларының транзакциясы 280 мыңға жетті

Шымкент қаласында қоғамдық көлікке «Төлем» электронды жүйесі өткен жылдың 15 қазанында енгізілген болатын. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратына сәйкес, бүгінгі күнге дейін 370 786 төлем картасы сатылып, 85 пайыздан астам транзакция электронды картамен жасалды.

Сатылған 370786 картаның 106100-і оқушылар картасы, 30686-сы студенттік карта, ал қалған 234 000 стандартты карта болып табылады. 18 қазаннан бастап төлем фронт-офисінде жоғалған картаны қайта шығаруға өтінім берген кезде жаңа картаны алғанға дейін уақытша анықтама берілетін болады. Осы анықтама бойынша оқушы 35/50 теңге тарифі бойынша жүре алады. Картаның ұзақ уақыт жасалуы Алматы қаласында шығарылуына байланысты болып отыр.

Сондай-ақ, қалада жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы дайындалып, бекітілді. Осының негізінде қоғамдық көліктерді жаңарту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұрын «Ankai» маркалы дизель отынымен жүретін 300 автобустармен артса, бүгінде автобус паркі «Yutong» маркалы 300 жаңа, метан газымен жүретін автобуспен толыққан. Жыл соңына дейін тағы 290 автобус бағытқа қатынайды.

Жалпы қалада 14 тасымалдаушы 900 қоғамдық көлікте қызмет көрсетуде. Жолаушылар тасымалында 75 маршрут болса, оның 64 маршруты әлеуметтік маңызы бар маршрутқа жатады.

Сондай-ақ, қалада тұрғындарға сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуді жүйелендіру мақсатында автобустарды онлайн режимде көру үшін «I-kolik» мобильдік қосымшасы жұмыс істйеді. Қазіргі уақытта 82000 адам аталмыш бағдарламаны қолдануда. Бағдарлама қала маршруттарының gps трекерлер арқылы орналасқан жерін көрсетеді.