​ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

​ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Шымкент қаласында 9 қыркүйек – «Тоғызқұмалақ күніне» орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп, Орталық стадионның шахмат залында тоғызқұмалақ сайысын өткізді. Онда басқарма қызметкерлері, спорт мектептерінің басшылары, жаттықтырушылар қатысып, ұлттық спортты насихаттады.

Бүгін еліміздің барлық өңірінде таңғы сағат 9:00 -ден бастап әр түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Тоғызқұмалақ күні әлем бойынша кең көлемде насихатталмақ.

Тоғызқұмалақтан Шымкент қаласы құрамасының аға бапкері Сәбит Сапарбековтың айтуынша, бүгін қала мектептеріндегі тоғызқұмалақ үйірмесінің шәкірттері ұлттық спорттан сайысқа түсуде. Онда қала мектептерінен жалпы екі мың жасөспірім бақ сынайды.

Сонымен қатар, онлайн форматта да тағы 9:00 -ден кешкі 21:00-ге дейін көптеген жастар, тұрғындар да тоғызқұмалақ ойнап, ұлттық спортты жаңғыртпақ. Қатысушылардың нақты саны кешке анықталады. Жалпы елімізде тоғызқұмалақ тақтасы бар барлық оқу орындарында оффлайн-онлайн форматта тоғызқұмалақ ойнаудан флешмоб, турнирлер өтуде.

Айта кетсек, шаһарда тоғызқұмалақ спорты қарқынды дамып келеді. Қала спортшылары халықаралық бәсекелерде, Азия және әлем чемпонаттарында жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Шымкентте қараша айында тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасында командалық ҚР чемпионатын өткізу жоспарда тұр.

«Шымкент келбеті»