​ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ЖАСТЫҢ ЗЕРДЕСІН ШЫҢДАЙТЫН ОЙЫН

​ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ЖАСТЫҢ ЗЕРДЕСІН ШЫҢДАЙТЫН ОЙЫН

Шаһарда ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен ерекше жандарға арналған ауқымды мәдени-әлеуметтік іс-шаралар өтіп жатыр. Екі күнге созылатын бұл жобаға мүмкіндігі шектеулі жас спортшылар, қолөнер шеберлері мен өнерпаздар қатысып, өздерінің өнері мен қабілетін көпшілікке паш етеді.

Осы жоба аясында бүгін спорттық турнирлер шымылдығын түрді. Атап айтсақ, жастар шахмат және қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан бақ сынасты. Додаға 28 жас қатысты, олардың ішінде республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген шеберлер де бар. Әсіресе, тоғызқұмалаққа түскен 18 ойыншының әр жүрісі терең ойды, табандылықты талап етті. Бұл сында спорт шебері Айтбаева Айсұлу, жас спортшы Ергешбай Қайсар секілді тәжірибелі ойыншылар да болды.

Қазақ халқының көне мұрасы саналатын тоғызқұмалақ – жай ғана ойын емес, ақыл мен логиканың биік мектебі. Ғалымдардың айтуынша, бұл зияткерлік ойын адам миының жұмысын жетілдіріп, ойлау қабілетін шыңдайды. Әрбір жүрісті дұрыс есептеп, қарсыласын алдын ала ойлау – жас спортшыларды сабырлыққа, шешім қабылдаудағы жылдамдыққа баулиды.

Бүгінгі ерекше жандардың бұл ойынды меңгеруі, шеберлікпен ойнауы таң қалдырды. Жастар ұлттық құндылықты сақтап қана қоймай, оны халықаралық аренада танытуға да атсалысарлары анық.

– Тоғызқұмалақ – тек спорт емес. Бұл ойын жастарды есепке, сабырға, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Бүгінгі жарыста мүмкіндігі шектеулі жас спортшылардың қайсарлығын, ойлау қабілетін көріп қуанып отырмын. Олардың әрбір жүрісі – табандылықтың көрінісі. Осындай іс-шаралар арқылы жастарымыздың бойындағы талантты ашып, қоғамға бейімдеуге мүмкіндік туады. Бастысы – олар өзіне сеніп, алдағы үлкен жетістіктерге ұмтылуға тиіс, – дейді №19 Шымкент қаласының №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қаламқас Алдажұманова.

Сонымен қатар, барлық қатысушылар кубоктармен, медальдармен, алғыс хаттармен және гүл шоқтарымен марапатталды.

Бұл бастама – мүмкіндігі шектеулі жастардың әлеуетін ашып, қоғамға бейімделуіне бағытталған маңызды қадам. Олар спортта да, өнерде де биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдеді. Шара жүректерді жақындастырып, мейірім мен сенімге толы орта қалыптастыратыны анық. Жарыстан кейінгі жас спортшылардың көзіндегі қуаныш, бойындағы жігер – олардың әлі талай белесті бағындыратынын айқын аңғартты.

«Шымкент келбеті»