Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Жаңа аудан болғанымен, мұнда халық саны қазірдің өзінде 232 мыңнан асып отыр. Құрамында 21 шағынаудан, 548 көпқабатты тұрғын үй және 39 мыңнан астам жеке үй бар. Әкімнің айтуынша, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін инфрақұрылымнан бастап абаттандыруға дейінгі бағыттардың бәріне көңіл бөлініп келеді.
Бүгінгі таңда аудан аумағының 98,5 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Ал, Айкөл шағын ауданы, Құрсай шағын ауданы үшін таза ауыз су 2025-2026 жылдары беріледі деп жоспарланған. Мәселе шешімін тапса, аудандағы тұрғындар таза ауыз сумен 2026 жылы 100 пайызға қамтылады. Табиғи газға қол жеткізгендер – 85,7 пайыз, ал екі жылдан кейін бұл көрсеткіш те жүз пайыз болады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда Жаңаталап, Құрсай, Айкөл шағын аудандарында табиғи газ орнатылмаған. Табиғи газбен қамтылмаған шағын аудандардың көрсеткіші 14,3 пайызды құрап отыр. Ал, әкімдіктің бас жоспарына сәйкес 2026 жылдың соңына дейін аталған 3 шағын ауданда табиғи газ 100 пайызға орнатылмақ. Әкімнің айтуынша, электр жүйесімен 95,2 пайызға қамтылған, ал 2025 жылдың соңына дейін аудан тұрғындары электр жүйесімен толық қамтылады. Тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруі үшін әкімдік тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, әлі күнге дейін мәселе туындатып отырған жағдайлар да бар көрінеді. Мәселен, кәріз жүйесі әлі де мәселе тудырып отырған сала, қазір 57,1 пайыз қамтылған. Түркістан шағын ауданы бойынша кәріз жүйесін орнату бойынша жұмыстар 2024 жылы басталды. Жыл соңына дейін аяқталады деп күтуде. Ал, Қазыбек би көшесінде кәріз жүйесінің құрылысы 2025-2026 жылдары аралығында жүргізіледі. Жыл соңына дейін көрсеткіш 60,2 пайызға жетуі тиіс.
“Шымкент келбеті”