Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданының 192-орамында орналасқан бес қабатты 12 тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы аяқталған.
Биыл наурыз-сәуір айларында бұл үйлерге тұрғындар қоныстанып, тұрақты ауызсу, кәріз, электр қуаты, байланыс жүйелерімен қамтамасыз етілген болатын.
Алайда, қала бойынша газ көлемінің тапшылығына байланысты бұл үйлер табиғи газбен қамтамасыз етілген жоқ.
Сонымен қатар, тұрғын үйлердегі жобаға сәйкес автономдық жылу жүйесімен жабдықталғандықтан орталықтандырылған жылу жүйесіне де қосылмаған.
Осы себепті, тұрғындар арасында наразылық туындап, бұл мәселе шиеленіске ұласып отыр. Аталған мәселені оңынан шешу мақсатында қала әкімінің орынбасары М. Айманбетов шағынаудан тұрғындарымен жиналыс өткізіп, ертеңнен бастап КазТрансГазАймақ АҚ-ның мамандарымен бірге тексеру жұмыстары жүргізілетін болып келісілді.
Яғни, тұрғын үйлерде орнатылған автономдық қазандықтар тексеруден өтіп, кемшіліктер болмаған жағдайда тұрақты газ жүйесіне қосылады. Ал ақаулары болып жатса, 25 қазанға дейін жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді осы үйлердің құрылысын жүргізген мердігер мекеме қалпына келтіретін болады.