Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2025 жылдың 11 айында Шымкент қаласы аумағында тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштер» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шара барысында Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Көпжан Тулебаев салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Баяндамашының айтуынша, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл мамыр айынан бастап кез келген кәмелетке толған азамат Orken.otbasybank.kz сайты арқылы тұрғын үй алу тізіміне онлайн тіркеле алады. Осы өзгерістер аясында «Отбасы банк» АҚ-ына ұлттық даму институты мәртебесі беріліп, тұрғын үй кезегіне қою және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу үдерісі толықтай автоматтандырылған. Қазір қалада тұрғын үй алу кезегінде 83 599 азамат тіркеліп тұр.
Жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Биыл жоспарға сәйкес 379 отбасыға, сондай-ақ 2024 жылдан қалған 165 отбасыға тұрғын үй бөлу көзделген. Бұл жұмыстар «Отбасы банк» АҚ-ымен бірлесіп, түгендеу нәтижелеріне сәйкес жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйлер бөлінгеннен кейін жалдау шартын жасау тұрғын үй басқармасының құзыретінде. «Жалдау шартының негізгі талаптарына тұрғынжайды мақсатына сай пайдалану және жалдау ақысын уақытылы төлеу кіреді. Осы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында жыл басынан бері 30 көпқабатты тұрғын үй тексеріліп, 51 азаматқа ескерту беріліп, заңбұзушылықтар қалпына келтірілді. Сонымен қатар жалдау ақысына қатысты берешегі бар 1 585 адамға сотқа дейінгі хабарлама жіберіліп, биыл 30 қарашаға дейін 1,22 млн теңге қаражат өндірілді», деді спикер.
Тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі де жүзеге асырылып келеді. Осылай деген басқарма өкілі Өнеркәсіп және құрылыс министрінің биылғы бұйрығына сәйкес, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар табысы белгіленген деңгейден аспаған жағдайда субсидия алуға өтінім бере алатынын айтты. Бүгінде 3146 субсидия алушының 2 269-ы тексеріліп, олардың ішінде 1242 азаматтың субсидияны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, жалдау шарттары тоқтатылған. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 664 млн теңге бөлініп, соның 540 млн теңгесі игерілген. Мониторинг жұмыстары әлі де жалғасып жатыр екен.
Жұмыс істейтін жастарды сатып алу құқығынсыз тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында 2020-2024 жылдар аралығында 3 849 азамат жалдамалы пәтермен қамтылған. Қазір алғашқы 890 пәтер иесін көшіру жұмыстары жүргізіліп жатса, соның 576 пәтері коммуналдық меншікке қайтарылған. Сонымен бірге «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында 20,2 млрд теңге қаражат қарастырылып, соның 9,5 млрд теңгесі игерілген. Бұл бағдарлама бойынша 484 азамат несиеге қол жеткізсе, бірқатар азаматқа төлем қабілеттілігінің жеткіліксіздігіне байланысты бас тартылған. Қазір 314 пәтерді босату бойынша сот органдарына талап-арыздар беріліпті.
Сондай-ақ басқарма өкілі несиелік тұрғын үй бағыты бойынша Абай ауданы, Бозарық шағын ауданында орналасқан 444 пәтерлік 12 тұрғын үйге конкурс жарияланып, өтінімдер қабылданғанын жеткізді. «Қазір азаматтардың төлем қабілеттілігін растау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қамқор» бағдарламасы арқылы былтыр 401 азамат тұрғын үймен қамтылып, 7,8 млрд теңге игерілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй сертификаттарын беру де жүзеге асып келеді. Биылға 500 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, бүгінге дейін 120 азаматқа 114,1 млн теңге көлемінде сертификат берілді. Игерілмеген қаражат жергілікті бюджетке қайтарылды», деді ол.
Жекешелендіру бағыты бойынша 974 өтінім түсіп, 911 азаматқа қызмет көрсетілген. Нәтижесінде бюджетке 893,9 млн теңге түссе, бірқатар азаматқа тұрғын үйлер өтеусіз негізде берілген. Сонымен қатар тұрғын үй қорын сақтау және дамыту мәселелері де назардан тыс қалмаған. Қаладағы 59 көппәтерлі тұрғын үйдің техникалық жағдайы тексеріліп, олардың бір бөлігі биылғы, бір бөлігі күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталыпты. Бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру мақсатында тиісті тұжырымдама әзірленіп, меншік иелерінің келісімі негізінде алдағы кезеңде жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.