Тұрғын үй сертификаты – баспана алуға көмек

Тұрғын үй сертификаты – баспана алуға көмек

Шымкентте жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде баспаналы болды. Соның ішінде, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламамен баспаналы болған 145 отбасыға тұрғын үй сертификаты табысталды. Қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 60 көпбалалы отбасы, 13 толық емес отбасы, 68 ерекше бала асыраушы отбасы бар.

Тұрғын үй сертификатына өтінімдер www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылданады. Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады.

Елімізде азаматтарды баспанамен қамтудың мемлекеттік саясаты іске асырылып келеді. Оның негізгі бағыты – тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында 324 арендалық пәтер –түрлі санаттағы азаматтарға, 888 пәтер – жұмыс істеп жүрген жастарға, 1919 пәтер – несиелік негізде берілу жоспарлаған.