Түркия мен Қазақстанды тоғыстырған білім көпірі

Түркия мен Қазақстанды тоғыстырған білім көпірі

Қазақстан мен Түркия арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық жаңа белеске көтерілді. Биыл 29 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Гази университетінің филиалын Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің (Zhanibekov University) базасында ашу туралы шешім қабылданған еді.

Осыған орай, Гази университетінің ресми делегациясы Шымкентке келіп, филиалдың жұмысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді. Делегация құрамында университеттің ректоры, профессор-доктор Унур Унал, академиялық мәселелер жөніндегі проректор, профессор-доктор Неждет Хайта, педагогика факультетінің деканы, профессор-доктор Билал Гүнеш және аппарат басшысы Мурат Тунчбилек болды.

Қонақтарды Zhanibekov University басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев бастаған ұжым қарсы алды. Шетелдік әріптестер университеттің тынысымен танысып, археологиялық орталық мамандары зерттеп, жасақтаған көне дәуір жәдігерлері арқылы қазақ халқының бай тарихына қанықты.

— Екі ел Президентінің келісімімен Гази университетінің филиалының ашылуы біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Түбіміз бір түркі халықтары болғандықтан, дәстүріміз де, дініміз де ортақ. Болашақта бірлескен еңбегіміз нәтижесінде екі ел үшін де бәсекеге қабілетті мамандар дайындаймыз деп сенемін, - деді Әлібек Нұртаев.

Сапар барысында филиалдың жұмысын реттейтін екіжақты келісімшартқа қол қойылды. Құжатта студенттерді қабылдау тәртібі мен шарттары, оқу үлгеріміне байланысты ауысу ережелері, филиалды басқару формасы, қаржыландыру тетіктері, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, кадр саясаты, диплом беру жүйесі сияқты негізгі мәселелер қамтылған.

Сонымен бірге ҚР заңнамасына сай қосымша ережелер мен регламенттер дайындалып жатыр. Кездесу барысында материалдық-техникалық база, оқу кезеңдері, оқу жоспары және филиалдың инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

— Біздің Анадолыдан келу мақсатымыз да осы. Бұл келісім — қос елдің жоғары білім саласында атқарған шараларының биік шыңы. Алдағы уақытта мамандықтар қатарын Сіздердің сұраныстарыңызға сай арттыратын боламыз, - деді Гази университетінің ректоры Унур Унал.

Ғылыми кеңес мәжілісінде Гази университетінің ректоры Уур Үналға Zhanibekov University-дің Құрметті профессоры атағы берілді. Сонымен қатар Алғыс хатпен де марапатталды.

Гази университетінің филиалының ашылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдегі озық жоғары оқу орындарының елімізде филиалдарын ашу тапсырмасының жүзеге асуының айғағы. Гази университеті – Түркиядағы жетекші 10 зерттеу университетінің бірі. Оқу орны халықаралық стандарттарға сәйкес білім беру, заманауи ғылыми зерттеулер жүргізу және түркі халықтарының бауырластық байланысын тереңдету үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады.

Айта кетейік, алдымен ағылшын тілі мен физика мамандықтарынан оқытуды бастайды. Бұл – халықаралық стандарттарға сай кадр дайындауда аса қажет салалар. Алдағы уақытта барлық бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп, студенттерге сапалы білім беруді қамтамасыз ететінін де жеткізді.

«Шымкент келбеті»