«Заң талабы» құқық қорғау орталығы» ҚБ отбасылық келеңсіз жағдайларға душар болған Шымкент қаласы мен елді мекендерде тұратын нәзік жандыларға психологиялық қолдау білдіруде, деп хабарлайды Shymkentaqparat
«Тегін заң көмегі және сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету – отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын қорғаудың ажырамас бөлігі», - дейді қоғамдық бірлестік төрағасы Мурад Юнусов. Осы ретте ұйымның заңгерлері жоба бенефициарларына консультациялық және психологиялық көмек, процессуалдық құжаттарды жасау, сотта мүдделерін білдіру сияқты көмектерді ұсынып келеді.
Бірлестік мамандарының мәліметше, 2020 жылдың 10 қарашасынан бастап қазіргі уақытқа дейін 176 әйел мен жасөспірім қыз заң көмегіне жүгінді. Сонымен бірге «Ауыл-аймақтарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу және оны жою» жобасы аясында «Гендерлік және цифрлық құқықтар» атты білім беру тренингтері ұйымдастырылды. Барлығы 85 әйелдер мен жасөспірім қыздар гендерлік мәселелер бойынша білімдерін жетілдіріп, онлайн платформаларды пайдалану бойынша практикалық дағдыларды меңгерген.
Айта кетейік, «Ауыл-аймақтарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу және оны жою» атты жоба Орталық Азияның Еуразия Қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асырып отырған «Qolda 2.0» шұғыл көмек бағдарламасы аясында жасалып отыр.
Көмек сұраған әйелдер мен қыздарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, + 7 747 403 40 69 сенім телефоны мен WhatsApp желісінде арнайы чат ашылған.