Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 112 отбасыға пәтер кілті тапсырылды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 112 отбасыға пәтер кілті тапсырылды

Шымкенттің "Нұрсәт 2" шағынауданында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының қатысуымен "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында арендалық үйге қол жеткізген көп балалы және әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға пәтер кілттері тапсырылды.

Салтанатты іс-шараны кіріспе сөзбен ашқан шаһар басшысы пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтады.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінің қарсаңында Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 112 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталып отыр. Олардың барлығы көпбалалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы отбасылар. ! Әр адам үшiн жайлы баспана тұрақтылықтың, берекенiң кепiлi. Үйдің іші балалардың қуанышы мен күлкісіне толсын! Отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілейміз, - деген Мұрат Дүйсенбекұлы сөз тізгінін Мемлкеттік хатшы Қ.Көшербаевқа берді.


– Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Баспана әр отбасы үшін өте маңызды. Өзімнің де жастық кезім жатақханада өтті. Балаларымның екеуі сонда дүниеге келді. Сондықтан үйдің қадірін жақсы түсінемін. Шымкент ерекше қарқынмен дамып келе жатқан республиканың үшінші мегаполисі. Халық саны 1.2 миллион адамға көбейді. Жылына 1 миллион шаршы метр тұрғын үй тапсырылып отыр. Бұл үлкен жетістік. Қаланың кешенді даму жоспарына сәйкес алдағы кезеңде мегаполис қазіргіден 2.5 есеге дамымақ, - деді Қырымбек Елеуұлы.

Пәтер кілтін алған азаматтың бірі көпбалалы ана Тазагүл Жамалова. Он жыл пәтер жалдап келген ол жаңа қонысқа қол жеткізгені үшін ерекше толқығанын, қуаныштан көз жасына ерік бергенін жасырмады. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында баспаналы болу бақытының бұйыруы шаттығын еселей түскенін баян етті. Баспана армандап жүрген талай отбасыға бұл қуаныш жұғысты болғай деген тілегін арнады.

Тұрғын үй басқармасы мамандарының берген мәліметіне сәйкес, 9 қабаттан тұратын 112 пәтерді қамтыған қос үй баспана кезегінде тұрған азаматтарға "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша сатып алу құқығынсыз арендалық негізде берілген. Бүгінге дейін 682 арендалық үй пәтерге мұқтаж адамдарға үлестірілсе, алдағы уақытта тағы 200 арендалық пәтер кілті тиісті отбасыларға тапсырылмақ. Жалпы қала бойынша пәтер кезегінде тұрған 47 000 адам бар.

Сонымен қатар, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында 20 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден, 11 тұрғын үй ағымдағы жөндеуден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту жұмысы да жалғасуда. Биыл осындай 300 жасқа 5 жылға арендалық пәтер табыс етілді. Алдағы уақытта тағы 900 пәтермен қамту жоспарланып отыр.

Шымкенттің республикалық дербес қала мәртебесіне ие болуы оның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді. Атап айтар болсақ, 2021 жылдың 10 айында қала экономикасына 325 миллиард теңге тікелей инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41 пайызға жоғары. Жыл соңына бұл көрсеткіш 400 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Инвестицияның көбеюі экономиканың өзге салаларымен бір құрылыс индустриясының дамуына жол ашты.

Осыдан 3 жыл бұрын Шымкентте 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге жетті. 2023 жылдың соңына дейін қалада тағы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады.