Қазақстанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне мерекелік медаль пайда болады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мерекелік медаль туралы президент жарлығының жобасын дайындады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
- Мерекелік медальмен Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан азаматтары және шетел азаматтары наградталады, - делінген құжатта.
Мерекелік медальді Қазақстан президенті тапсырады. Наградталған адамға медальмен қоса белгіленген үлгідегі куәлік табыс етіледі. Медаль салтанатты түрде марапатталатын адамның жеке өзіне тапсырылады. Мерекелік медаль сол жақ омырауға тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары болған жағдайда олардан кейін орналасады.
Медальде не бейнеленген?
"Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл" мерекелік медалі дұрыс шеңбер формасында болады, диаметрі – 34 мм.
Бет жағында (аверсінде) "ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ" деген жазу орналасқан. Төменгі бөлігінде ұлттық ою-өрнек бейнеленген. Мерекелік медальдің сыртқы бетінің (реверсінде) ортаңғы бөлігінде төрт жолмен орындалған "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ" деген жазу бейнеленген. Жазудың төменгі және жоғарғы жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан.
Медальдағы бейнелер мен жазулардың бәрi де бедерлi, алтын түстес. Аверс пен реверс беті күңгірт.
Мерекелік медаль сары түсті металдан (жезден) дайындалады.