Республика бойынша ел мерейтойына арналған 360-тан аса мәдени, 400-ге жуық спорттық іс-шараны өткізу жоспарланған, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі Ruh.kz -ке сілтеме жасап
Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мәдениет және спорт министрлігінің онлайн форматта кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиын барысында өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, 2021 жылға арналған жоспарлар айқындалды.
Отырыс барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық іс-шаралар жоспарының бекітілгендігін мәлім етті. Оның айтуына қарағанда, мерейтойлық іс-шаралар мәдениет, архив, спорт және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін, әрбір іс-шара елге пайда әкелетін нақты қадамдармен байланысты болуы тиіс екенін атап өткенін білесіздер. Осыған байланысты, мерекелеуге идеологиялық тұрғыдан келуіміз керек. Мерейтойлық іс-шараларды мәдениет, архив, спорт және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағыттағанымыз жөн. Жоспардың іс-шаралары ұлттық мәдениетті ілгерілетуге, салт-дәстүрді жандандыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағдарлануы тиіс», - деді Ақтоты Райымқұлова министрліктің алқа мәжілісінде.
Фото: ашық дереккөз