Қала әкімдігінде шаһардың жаңа Бас жоспарын талқылау жиыны өтті. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қоғамдық кеңес мүшелері, белгілі сәулетшілер, белсенді азаматтар қатысты. Жиында бас жоспармен егжей-тегжейлі таныстыру, оны әрі қарай жүзеге асыру мәселелері талқыға түсіп, бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
«Градкомплекс» ЖШС әзірлеген қаланың жаңа бас жоспары қазан айында қабылданған еді. 2035 жылға дейінгі бас жоспарды дайындауға қаланың белгілі сәулетшілері, қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді азаматтар қатысты. «Градкомплекс» ЖШС директоры Нұрбек Аужанов жаңа бас жоспардың мақсаты, қала дамуының негізгі бағыттарына қатысты мәселелер бойынша баяндады. Бас жоспар қала дамуының негізгі бағыттарын айқындайды. Қала халқының өміріне қолайлы жағдай жасау және қала құрылысына бақылау жүргізу бойынша қолға алынған.
Жиында «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Шүленбаев өз жобаларымен таныстырды. Қ.Шүленбаев ғарыштық мониторинг жасаудың заманауи технологиялары, яғни, қалдықтар, су ресурстарына, инфрақұрылым нысандарына мониторинг жасау және тағы басқа бағыттар бойынша кешенді жобасын ұсынды. Талқылау жиынында белсенді азаматтар бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Қала әкімі шаһардың 2035 жылға дейінгі дамуы бойынша егжей-тегжейлі бас жоспардың маңызы зор екенін атап өтті.
– Бас жоспарды қабылдауда үлес қосқан қоғамдық кеңес мүшелері, қаланың белсенді азаматтарына алғысымды білдіремін. Бас жоспарды көпшілікке таныстыру, оны әрі қарай іске асыру бойынша ұсыныс, пікірлеріңізді тыңдау үшін өздеріңізбен арнайы жүздесіп отырмыз. Жалпы, айтылған ұсыныстар, пікірлер зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданады, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, басқосуда қала көшелерін көріктендіру, тұрғын үйлердің қасбеттерін ретке келтіру бағытында жеке инвестор қаланың дизайн коды жобасын ұсынды.