Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында бірқатар мәселе көтерілді, тағы да тапсырмалар берілді. Солардың ішінде екеуіне тоқталуды жөн көріп отырмын.
«Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн. Жасанды интеллект технологиясы мұны жылдам, әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Қ. Тоқаев бүгінгі Жолдауында.
Елімізде екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісі болса, соның алты пайызға жуығы ғана өнім өндіреді. Бұл – болмашы көрсеткіш екені аз айтылып жүрген жоқ. Сол себепті, «Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады. Заңды күрделендіре бермеу қажет. Қайта оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже үшін жеке жауапкершілігін күшейткен жөн. Мемлекеттік органдар бизнес өкілдеріне ескерту жасаудың орнына, әлі күнге дейін тым қатаң әкімшілік шешімдер қабылдайды деген мәлімет маған да жетіп жатады. Мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңдеу өнеркәсібін дамыту, тереңдету керек екенін де атап өтті. Егер тек шикізат есебінен экономиканы әртараптандыру мүмкін болса, осы уақытқа дейін біраз жетістік туралы айтып мақтанар едік қой. Оның үстіне, бұл Жолдауда баса айтылған ірі инвесторлар ғана емес, орта, шағын инвесторларды тарту мәселесіне де тікелей байланысты.
Бұрын да көтерілген, дегенмен, әлі де шешімін таппаған тағы бір мәселе айтылды. Президент білікті мамандарды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластыруды, қолданысқа енгізуді тапсырды. «Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн. Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасаған дұрыс. Себебі, елімізге білікті мамандар, әсіресе, техникалық мамандықты меңгерген өз ісінің шеберлері қажет», – деді Қ. Тоқаев.
Президенттің айтуынша, еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай осы саладағы болжау жұмысының сапасына және шешімдердің тиімділігіне кесірін тигізеді. Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуі тиіс. Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалалардың инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ болып отыр.
Зәуре ОРАЛБАЕВА,
қоғам белсендісі, журналист