Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 6 сәуірдегі №71-VIII «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен ҚР 1995 жылғы 17 сәуiрдегі «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына бір қатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Атап айтқанда, Заңның 5-2-бабындағы «кодексіне сәйкес» деген сөздерден кейін «жоспардан тыс тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында» деген сөздермен толықтырылған.
Сондай-ақ, мемлекеттік бақылау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қорпорациясының коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу саласындағы қызметінің Қазақстан Республикасы заңнамасының: 1) коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу, 2) Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмін жүргізу, 3) көрсетілетін қызметті алушылардың коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу мерзімдерін бұзу фактілерін анықтау және олар туралы әділет органдарын хабардар ету жөніндегі талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда әділет органдары тіркеуші органға бұзушылықтарды жою туралы ұсыну жібереді. Бұзушылық белгіленген мерзімде жойылмаған кезде әділет органдары анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоюға мәжбүрлеу туралы талап қойып, сотқа жүгінуге құқылы делінген 5-2 баптың 2 және 3-тармақтар алып тасталған.
6-баптың бірінші бөлігіндегі «қазақ және орыс тiлдерiнде жасалған және екі данада» деген сөздер «қазақ және орыс тiлдерiнде электрондық нұсқада» деген сөздермен ауыстырылған.
6-2-баптың төртінші бөлігіндегі «екі данада» деген сөздер «электрондық нұсқада» деген сөздермен ауыстырылған.
14-баптың үшінші бөлігінің 3) тармақшасында жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар электрондық нұсқадағы құрылтай құжаты не құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні ұсынылатыны көрсетілген.Саяси партиялар мен діни бірлестіктер енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар құрылтай құжаттарының екі данасын не саяси партиялар мен діни бірлестіктердің құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтінін ұсынатыны айқындалған.
Ал, 14-1-баптың бесінші бөлігінің 3) тармақшасына заңды тұлғаның мөрімен бекемделген, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар электрондық нұсқадағы құрылтай құжаты не құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні ұсынылатыны және саяси партиялар мен діни бірлестіктер енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар құрылтай құжаттарының екі данасын не саяси партиялар мен діни бірлестіктердің құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтінін ұсынылатыны бекітілген.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 5 шілдедегі № 115-VIII «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңына бір қатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңының 2 бабымен заңды тұлғаларды тіркеу саласын реттеудің негізгі мақсаттары, міндеттері, қағидаттары айқындалған.Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мынадай негізгі мақсаттарды іске асыру үшін жүзеге асырылады, заңды тұлғаның құрылу, қайта тіркелу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу, қайта ұйымдастырылу және қызметінің тоқтатылу, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктердiң құрылу, есептік қайта тіркелу, құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу және қызметiнің тоқтатылу фактiсiн куәландыру, Қазақстан Республикасының аумағында құрылған, қайта тіркелген, қайта ұйымдастырылған және өз қызметiн тоқтатқан заңды тұлғаларды, сондай-ақ құрылған, есептік қайта тіркеуден өткен және өз қызметін тоқтатқан филиалдар мен өкiлдiктердi есепке алу, бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiн жүргізу,заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi туралы жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратты (қызметтiк немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізу.Коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді жүзеге асыру осы Заңның негізгі міндеттері болып табылады.
Заңның 6-бабының сегізінші бөлігінің үшінші абзацына енгізілген өзгеріске сәйкес «нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге шетелдік құрылтайшы паспортының немесе жеке басын куәландыратын басқа да құжаттың, сондай-ақ «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында коммерциялық ұйымды тіркеу құқығын растайтын құжаттың көшірмесі ұсынылуға тиіс екені көзделген.
Сондай-а, 6-1-баптың тақырыптағы «тіркеудің хабарлама тәртібі» деген сөздер «тіркеу тәртібі» деген сөздермен, бірінші бөліктегі «кәсіпкерлік қызметтің жүзеге асырылуы басталғаны туралы хабарлама» деген сөздер «заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы өтініш» деген сөздермен, екінші бөліктегі «хабарлама» деген сөз «өтініш» деген сөзбен ауыстырылған. Осы баптың төртінші бөліктің үшінші абзацында «нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге шетелдік құрылтайшы паспортының немесе жеке басын куәландыратын басқа да құжаттың, сондай-ақ "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында коммерциялық ұйымды тіркеу құқығын растайтын құжаттың көшірмесі ұсынылуға тиіс екені көзделген.
Заңның 9-бабының бірінші бөлігіндегі «бір сағат» деген сөздер «бір жұмыс күні» деген сөздермен ауыстырылған.
Коммерциялық емес ұйымдарды
тіркеу және тіркеу қызметі
саласындағы бақылау
бөлімінің бас маманы Ш.Досаева