15 наурыз – Жайлау күні. Бұл күні шымкенттіктер табиғатқа қамқорлық көрсетіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Мереке Шымкентте Арбат алаңында басталды.
Демалыс алаңында Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы және қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен көрме ұйымдастырылды. Көрмеге шымкенттік оқушылар жасаған құс ұялары қойылды. Ұйымдастырушылар игі бастама ертең дендросаябақта жалғасады деп атап өтті. Талантты жас шеберлердің қолынан шыққан құс ұяларын ертең еріктілер тобы дендросаябаққа орналастырады.
–Көрмеге 1000-нан астам құс ұясы қойылды. Осы науқанға көмек қолын созған білім басқармасына алғысымыз шексіз. Жиналған ұяның 700-ін қаламыздың мектеп оқушылары өз қолдарымен жасады. Мұндай игі шаралар балаларды еңбекке баулып, Табиғат-Ананы аялауға үйретеді, - деді зоологиялық саябақтың қызметкері Назым Пердебайқызы.
Мереке аясында қала тұрғындары мен қонақтары көрмеге әкелінген ерекше құстарды тамашалады. Тұрғындар арасында түрі ойындар ойнатылып, сыйлықтар таратылды.
Айта кетейік, Жайлау күні мерекесі аясында қалада қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, көшеттер отырғызылады, гүлдер егіледі.