«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында абай ауданында 6 мектеп салынады

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында абай ауданында 6 мектеп салынады

Абай ауданында инфрақұрылым мәселелері 2024 жылы толығымен шешіледі. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов мәлімдеді.

— Абай ауданының аумағы 24 мың гектарды алып жатыр. Ауданға қарасты 27 шағынаудан мен елді мекенде 257,7 мың тұрғын бар. Аудандағы 27 елді мекеннің 26-сы сапалы ауыз сумен қамтылып, ол 92,2% құрап отыр. Ал, 92,5 пайызы сапалы электр көзімен қамтылған. Сондай-ақ, 20 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 7 елді мекен қатты отынды пайдаланып отыр. Жыл соңына дейін 3 елді мекенді, яғни Асар-2, Қайнарбұлақ, Нұршуақ тұрғын алаптарын табиғи газбен қамту жоспарланған. Ал, 2024 жылы Ынтымақ-2, Қайнарбұлақ саяжайы, Бозарық жаңақұрылыс аумағы, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендеріне газ құбыры жүргізіліп, қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді,- деді аудан әкімі.

Б.Пармановтың айтуынша, аудан аумағында су басу қауіпі бар 61 орын анықталған. Аталған су басу орындары бойынша 2022 жылы 7 мекенжайға жалпы ұзындығы 4,6 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйе жүргізілген. Ал, 5 көшеге ирригациялық арық салу жоспарланған. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,7 шақырымды құрайтын 9 көшеге ирригациялық жүйе жүргізу үшін қосымша бюджеттік өтінім берілген.

Айта кетейік, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Абай ауданында 6 мектептің құрылысы басталмақ. Бұл өз кезегінде мектеп тапшылығын жойып, балалардың сапалы білім алуына септігін тигізбек.