​ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

​ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің биылғы Жолдауында мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект бағдарламасының қажеттігін ерекше атап өтті. Президент атап өткендей, ЖИ технологияларын меңгеру – жас ұрпақтың болашағын айқындайтын басты басымдықтардың бірі.

Бүгінде жасанды интеллект тек өндіріс пен экономиканы ғана емес, білім беру саласын да түбегейлі өзгертіп отыр. Сондықтан оқушылардың ерте жастан цифрлық сауаттылық пен жаңа технология негіздерін меңгеруі – олардың заманауи қоғамдағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі.

Мемлекет басшысы ұстаздардың да осы бағыттағы біліктілігін жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Өйткені жаңа технологияны оқушыларға үйретіп, оны тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін – ең алдымен мұғалім. Сол себепті педагогтардың ЖИ саласындағы кәсіби дағдыларын дамыту үшін арнайы курстар мен тренингтер ұйымдастыру – уақыт талабы.

Президент ұсынған «Qazaq digital Mektebi» жобасы да айрықша мәнге ие. Қашықтан оқыту тәсілі мен жасанды интеллект технологиясын негізге ала отырып әзірленетін шағын жинақты мектеп үлгісі, әсіресе ауылдық жерлердегі балаларға сапалы білім алуға кең жол ашады. Бұл – қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға бағытталған тың бастама.

Осы ретте Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті де бірқатар ауқымды жұмыстар атқаруды қолға алды. Атап айтқанда, биылғы оқу жылынан бастап білім беру бағдарламасына жасанды интеллект негіздері 1 кредит көлемінде енгізілді. Енді студенттер осы бағытта жүйелі білім алып, болашақ педагог ретінде заманауи технологияларды меңгеріп шығатын болады. Сонымен қатар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамының жасанды интеллект бойынша біліктілігін арттыру жоспарлануда. Бұл бастама оқу орнының білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің цифрлық болашағына үлес қоспақ.

Жалпы алғанда, Жолдауда көрсетілген міндеттер – Қазақстанның білім жүйесін жаңа кезеңге көтеретін нақты бағыт-бағдар. Ал жасанды интеллектіні меңгеру – жас ұрпақ үшін тек кәсіби мүмкіндік емес, ел дамуының негізгі қозғаушы күші болмақ.

Ж.ЖЫЛБАЕВ,

Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор