«Nur Otan» партиясының жас белсенділері «30 игі іс» деп аталатын жаңа волонтерлер қозғалысын бастады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бүгін басталған республикалық акция барысында жасотандықтар елорданың және еліміздің басқа өңірлерінің медицина қызметкерлеріне «алғыс пакеттерін» табыстады. Олардың әрқайсында дәрумендерге бай пайдалы өнімдер жиынтығы берілді.
Жаңа қозғалыс еліміздің барлық белсенді және жанашыр жастарын бірігуге және волонтерлік қызметпен айналысатындарды қолдауға шақырады. «Жастар-Отанға!» 5 жылдық бағдарламасы аясында волонтерлікке 100 мыңға жуық адам тарту жоспарлануда.
«Өткен жылы «Biz Birgemiz!» акциясына 5 мыңнан астам волонтер тартылды. Қазір «30 игі іс» акциясы аясында осы жастармен жүйелі жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық пен меценаттықты қолдау – мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдығы екенін атап өтіп, волонтерлік ұйымдарды қолдау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты», - деді «Jas Otan» жетекшісі Нұржан Жетпісбаев.
Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге орайластырылған «30 игі іс» акциясы шеңберінде әр ай белгілі бір тақырыпқа арналады. Мәселен мамыр –«Bіrlіk», маусым – «Shapaǵat», шілде – «Baqytty otbasy», тамыз – «Damý», қыркүйек – «Bіlіm», қазан – «Ómіr syıla», қараша – «Sana», желтоқсан – «Egemendіlіk» айлары.
Айта кетейік, бұған дейін «Birgemiz» қоғамдық қоры 650 мыңнан астам мұқтаж отбасыны, яғни 2,2 млн. қазақстандықты тікелей қаржылық қолдаумен қамтыған болатын.
Қор қаражаты есебінен 2 мыңнан астам медицина қызметкеріне қолдау көрсетіліп, су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына арнап жаңадан жиырма үй салынды.
#Biz Birgemiz акциясы аясында 320 мыңға жуық отбасы азық-түлік себеттері және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Тұрмысы төмен 100 мың отбасына 5млн. маска тегін таратылды.