Шымкентте 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға «Жастар» бағдарламасы бойынша тұрғын үйдің кезекті құжаттары 1-5 желтоқсан аралығында қабылданады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева мәлімдеді.
– Жалпы үшінші мегаполисте 29 жасқа дейін жұмыс істейтін жастар бағдарламасымен 857 азаматты жалдамалы пәтермен қамту жоспарланған. Алғашқы кезең бойынша – 211, екінші кезеңде – 286 азамат тұрғын үймен қамтылды. Қазіргі таңда келесі кезең құжаттарын қабылдау басталды, - деді тұрғын үй басқармасының басшысы. Үшінші кезең бойынша жалға берілетін 360 пәтер Бозарық шағынауданында орналасқан.
Бағдарламаға қатысуға өтінім берушінің соңғы екі жылда республика аумағында иелігінде тұрғын үй болмауы тиіс және Шымкент қаласында соңғы екі жылда тұрақты тіркеуде болуы, сонымен қатар соңғы алты айдағы табысы 40 АЕК-тен асуы шарт.
Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында ЭЦҚ арқылы өтініш бере алады. Бұл баспананы берудегі басты мақсат — жұмыс істейтін жастарға жеке баспана алуға қаражат үнемдеуге мүмкіндік бере отырып, жастарды қолдау болып табылады. «Жастар бағдарламасы» бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерді жастар 5 жылға дейін жалдап тұрады.