Шымкентте оқушылар арасындағы «Жастар лигасы» 1 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Лигада оқушылар спорттың футбол, волейбол, баскетбол сынды түрлерінен бақ сынауда.
Қазіргі таңда, Абай ауданы бойынша баскетболдан №54, 86 мектептерінің спорт алаңында 35 команда бақ сынасып, №23, 33, 42 және №2 «Дарын» мектептері ширек финалға шықты.
Әл-Фарби ауданында №8, 11 мектептерінің спорт алаңында баскетболдан 23 команда, футболдан «БИІК» және ФЦ «Ордабасы» стадионында 21 команда сайысқа түсуде.
Ал, Еңбекші ауданында волейболдан 29 команда №24, 36 мектебінде жарысқа түссе, Қаратау ауданында №130, 135 мектебінде 35 команда сайысып, №89, 131, 68, 113 мектептер ширек финалға жолдама алды.
Өткізілген сайыстарда катысушы команда арасынан белгілі себеппен ойынға қатыса алмаған 4 команда жеңіліс алды. Екі команда мектебінің карантиндік аймақ болғандықтан ойынға қатыстырылмады.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен қолға алынған лига спорттың 4 түрі бойынша өтеді. Төрт ауданнан лигаға қатысуға 140 жалпы мектептен 571 команда қатысуға өтінім берген. Командалардың жұмысын үйлестіру үшін 420 дене шынықтыру мамандары жұмылдырылған.
Ойыншыларды қолдау бойынша әр мектептен фан-клуб топтары жасақталған. Бүгінде 140 топ құрылды.
Жастар лигасының екінші кезеңін қыркүйек – қараша айларында жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз топқа алғыс хат пен бағалы сыйлық беріледі. Әр спорт түрінен бас жүлдені алған мектепке «Шымкент – қайырымды қала» қорынан 20 млн теңге табысталмақ.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 наурызынан мектеп оқушылары арасында – «Шымкент жастар лигасы» басталған болатын.