​Жастар жасампаз болуы қажет

​Жастар жасампаз болуы қажет

Мемлекет басшысы бүгінгі халыққа арнаған Жолдауында бірқатар қоғамдық үдерістерге тоқталып өтті. Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек екенін айтты. Бұл – жастарға өте керек қасиет. Президент қазіргі жастар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық екенін де айтты. Өз ісінің маманы, адал кәсіп иелері Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді.

Жалпы, өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Қазіргі уақытта жоғары жетістіктерге жетуге барлық азаматтың мүмкіндігі бар. Ол үшін адал еңбек етіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру қажет. Президент «Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады» деді. Расында, қазіргі таңда азаматтардың жетістікке жету жолында барлық жағдайлар жасалған. Оларға тек қана адал еңбек ету – басты міндет.

Біз ел абыройын асқақтату мақсатында еңбек еттік. Әлем чемпионаттары, Азия ойындарында жүлдегер болдық. Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп, жастардың спорттан өз жолын табуына, жоғары жетістіктерге жетуі жолында еңбек етіп келеміз. Ендігі ретте біз бағындырған биікті жас ұрпақ жалғастыруы тиіс. Ортақ мақсаттарға осылайша бірге қол жеткіземіз.

Біржан ЖАҚЫПОВ,

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері