​Жастардың репродуктивті денсаулығы – болашақ ұрпақтың кепілі

​Жастардың репродуктивті денсаулығы – болашақ ұрпақтың кепілі

«AMANAT» партиясы ШҚФ жанындағы «Әйелдер қанатының» ұйымдастыруымен «Жастардың репродуктивті денсаулығы. Сау жүктілікті жоспарлау» тақырыбында арнайы семинар өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – әйелдердің денсаулығын сақтау, отбасы құндылықтарын нығайту және жастар арасында жауапкершілікті арттыру болды. Семинарға қаладағы білікті гинеколог дәрігерлер мен жоғарғы оқу орнының студенттері қатысып, өзекті тақырыптар төңірегінде ашық пікір алмасты.

Жиында ерте жүктіліктің салдары, жоспарсыз жүктіліктің жастардың тағдырына тигізетін ықпалы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар репродуктивті денсаулықты сақтаудың маңыздылығы, заманауи медициналық кеңестер мен алдын алу жолдары талқыланды.

– Жастар арасында медициналық сауаттылық төмендеу. Әсіресе қыз балалар мен жігіттердің көпшілігі өз ағзасының ерекшеліктерін, қауіпсіздік шараларын жете білмейді. Бұл – ерте жүктілікке, түрлі инфекцияларға, тіпті бедеулікке әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан әр жас өзінің болашағына бейжай қарамай, отбасын құруға саналы қадам жасауы қажет. Денсаулық – тек жеке адамның емес, ұлт болашағының да кепілі, – деді гһинеколог дәрігер Жамиля Алиева.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында ерте жүктілік мәселесі өзекті болып отыр. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, кейбір жастар дер кезінде маманға жүгінбей, интернеттегі жалған ақпараттарға сеніп қалады. Мұндай жағдай денсаулыққа орны толмас зиян тигізуі мүмкін.

Семинар барысында студенттер дәрігерлерге көкейдегі сауалдарын қойып, тәжірибелік кеңестер алды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай ашық әңгімелер жастарға дұрыс бағыт береді, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар жастарды репродуктивті мәдениетке тәрбиелеу – отбасын нығайту мен ұлт саулығын арттырудың негізгі тетігі екенін атап өтті.

“Шымкент келбеті”