«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жастарды шағын несиелеу бағдарламасына қатысу
Жастарды несиелеу бағдарламасын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырады.
Аграрлық несие корпорация жастарға шағын несие беру бағдарламасы шеңберінде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде құжаттарды қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру, несиенің нысаналы пайдаланылуын тексеру, қарыз алушымен есеп айырысуды жүзеге асыру, қарыз алушыдан төлем қабылдау, мерзімі өткен берешекпен жұмыс және уәкілетті органдарға есеп беру әрекеттеріне жауапты.
Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады.
Несиелеу шарттары:
- Несие сомасы: 5 млн теңгеге дейін
- Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 2,5%
- Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін; бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін.
- Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.
Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Өтінім беру үшін құжаттарды "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалына тапсыру қажет.
Шымкент қаласындағы филиалының мекенжайы: Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы, Қонаев даңғылы, 3/3.
Қажетті құжаттар тізімі:
- жеке басын куәландыратын құжат;
- жоба бойынша бизнес-жоспар;
- қызмет көрсететін банктен шоттың бар екенін растайтын анықтамалар;
- қаржы ұйымдарынан (несие болған кезде) несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтамалар;
- қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме);
- кепіл мүлікті бағалау туралы есеп;
- кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.
Шағын несие беру туралы шешімді комиссия қабылдайды, оған мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады, комиссия ол бизнес-жобаларды бағалап, неғұрлым болашағы барын таңдайды.
Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуы керек.