Жазғы демалысты мағыналы, қызықты, пайдалы өткізу — балалар мен ата-аналар үшін маңызды. Жазғы демалыс жайлы сөз қозғағанда, тек ойын-сауық жұмыстары ғана емес, дені сау, жеке тұлғаның қалыптасуына ықпал етіп, баланың жан-жақты дамуы мен тәрбиесіне де аса көңіл бөлінуі тиіс.
Осыған орай, жазғы кезеңде Оқушылар сарайы өз жұмысын үш бағытта: үйірмелер, мекеме жанындағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру алаңы, қала сыртындағы «Ақсу» сауықтыру лагерінің жұмысымен жалғастырады. Атап айтқанда:
- Жазғы кезеңдегі үйірме жұмысы үш ай бойы (маусым-тамыз) жүргізіледі. 35 үйірмеге қамтылатын бала саны – 1450 бала.
- «Балдәурен» жазғы сауықтыру алаңы маусым айында жұмыс жасап, жалпы саны 100-150 бала қамтуды жоспарлап отыр.
- Мекемеге қарасты қала сыртындағы «Ақсу» сауықтыру лагері маусым-шілде айында 6 ауысымда 1200 баланы демалыспен қамту және сауықтырумен айналысады.
Сонымен қатар, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен республика көлеміндегі қосымша білім беру мекемелерінің жазғы жұмысын насихаттау барысында «Жаз қызығы - көңілді демалыс» бағдарламасы жасалған. Бағдарламаға аясында жаз уақытында түрлі тақырыпты қамтыған іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы жоспарға сәйкес, бүгін Оқушылар сарайында жазғы маусымдағы жұмысқа старт беру мақсатында «Жаз – 2023. Оқушылар сарайы» тақырыбында танымдық-сауықтық бағдарламасы ұйымдастырылды.
Іс-шара «Жаз — тамаша! Ойнаймыз біз жаңаша!» атты көпшілік-сазды ойынымен басталып, үйірме жұмысы «Көңілді эстафета» спорттық жарыстары, балалар шығармашылығы көркемсурет студияларының жазғы пленерлік тәжірибелері мен сәндік-қолданбалы өнер үйірмелерінің шеберлік сыныптарының жұмыстарын насихаттаумен жалғасты.
«Алақай, жаз келді!» көпшілік-сазды ойыны арқылы мерекеге қатысушылар ертегілік қуыршақтармен бірге ұшаққа, пойызға мініп жаз еліне саяхат жасады. «Еркетай» би ансамблі, «Балдәурен» және «Алтын ғасыр» вокалды топтары ән-биімен мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мереке соңында мекеме басшысы Бақытжан Мустафаев балаларды құттықтап, жазғы демалысының қызықты өтуіне тілектестік білдірді. Кеш соңында «Көңілді эстафета» спорттық жарысының жеңімпаздарын марапаттады.