Шымкентте белгілі жазушы-драматург Сая Қасымбектің «Жыл кітабы - «Жанталас» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби кешке өңірдің бірқатар зиялылары, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Бір ел - бір кітап» республикалық акциясы аясында 2021 жылдың драматургия жанры бойынша Сая Қасымбектің «Жанталас» атты туындысы «жыл кітабы» болып таңдалған.
Автордың кездесу кеші Сақ патшайымы туралы, яғни «Томирис» пьесасының үзіндісін сахналаудан басталды. Ал балаларға арналған «Батыл көжектер» пьесасынан үзіндіні кітапхананың кішкентай бүлдіршін оқырмандары орындады.
Сонымен бірге кеш барысында қаламгердің сөзіне жазылған Қанат Жұмабаевтың «Тәтті елес» әнін Шымкент мәдениет үйінің әншісі Сафура Абдразақова орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Кештің қадірлі қонақтары - айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов жырдан шашу шашса, белгілі кинорежиссер Батырхан Дәуренбеков кинодраматургия бойынша авторға өзінің тың ұсыныстарын жеткізді.
Еркін форматта өткен кездесу кешінде оқырмандар сүйікті авторына сұрақтарын қойып, белсенділік танытты. Іс-шараға келген қонақтар бүгінгі драматургия, ежелгі тарих, әдебиет пен мәдениет, театр тарихы төңірегінде көкейкесті пікірлерін ортаға салды.
– Біздің тарих әлі толық зерттелген жоқ, бізден бұрын жазылған тарихты кеңес жүйесі комбайнмен орып кеткендей жоқ қылды. Жанталасып тарихқа үңілсек, тек хандық дәуірі ғана сөйлейді, ал орта ғасыр опырылып тұр. Бұл менің жаныма қатты батады. Бізді кейінгі тарих көшпенділер дейді, бұл дұрыс емес. Ат үстінде өсіп-өнген халықпыз, бізде Ұлы Жібек жолының бойындағы ұлы өркениет болғанын ұмытпауымыз керек, - деді автор.
Кеш соңында «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова сөз алып, жазушы, драматург Сая Қасымбекке шығармашылық табыстар тіледі. Сондай-ақ жазушының «Жанталас», «Тәңірдің қылышы» атты үш томдық QR - кодталған кітаптарының электронды нұсқасы оқырман назарына ұсынылды.
Фото: Самат Мырзалиев