Жеңілдетілген микрокредит алуға 3,1 мыңнан астам өтінім түсті

Жеңілдетілген микрокредит алуға 3,1 мыңнан астам өтінім түсті

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген микрокредиттер алуға 3,1 мыңнан астам өтінім түсті. Биыл барлығы 5 796 микрокредит беру жоспарлануда, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға дейін (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.

Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Жамбыл (512), Түркістан (384), Қызылорда (305), Батыс Қазақстан (189) және Алматы (173) облыстарынан түсті.

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 1247 жоба мақұлданды, оның ішінде 507 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.

Сондай-ақ микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.

Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Ол ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.

Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.

Микрокредиттер төменде көрсетілген тізімдегілерді қоспағанда:

- тұрғын жылжымайтын мүлікті (оның ішінде малшылар үшін уақытша/тұрақты тұрғын үйлерді) сатып алу, салу немесе жөндеу, жер учаскелерін сатып алу (кез келген нысаналы мақсатпен);

- бағалы қағаздарды сатып алу (портфельдік инвестициялар);

- қаруды (оның ішінде қару өндіруге арналған құрамдас бөліктерді), құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті өндіру немесе сатып алу;

- ойын бизнесін ұйымдастыру және (немесе) дамыту;

- Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған террористік және кез келген өзге де қызметке байланысты қызмет;

- моторлы көлік құралдарын шығаруды және өз өндірісіндегі жүзімнен шарап өндіруді, сондай-ақ темекі және\немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобалар, акцизделетін тауарларды/өнімдерді шығару;

- кредиторлық берешекті өтеу;

- бизнесті жүргізуге байланысты емес жеке тұтынушылық мақсаттардан басқа кез келген мақсатқа беріледі.

Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.

Осылайша, микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, қоғамдық маңызы бар, өміршең болуы тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.

Қазіргі уақытта микрокредиттер алуға өтінімдер барлық облыстармен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылдануда.