Елімізде өткен жылы коронавирус індетінің таралуына байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы зейнетақы төлемдерін рәсімдеу тәртібін жеңілдетті. Бүгінде жасына байланысты зейнетақы тағайындауға өтініш беру Egov.kz портал арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Egov.kz арқылы зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін төменде нұсқаулық көрсетілген:
- Egov.kz порталда ЭЦҚ көмегімен авторизациядан өтіңіз.
- «Сервистер» бөлімінде «Электрондық өтініштер» санатынан «Қызметке онлайн тапсырыс беруді» таңдаңыз.
- Өтініш жасап, деректерді толтырыңыз. «Мемлекеттік қызметтің атауы» бағанында «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау» тармағын таңдаңыз.
- «Алушы» бағанында сіздің тұратын жеріңізге байланысты «Азаматтарға арналған үкіметтің» өңірлік филиалын таңдайсыз.
- Қажетті сканерленген құжаттарды тіркеп, ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қоясыз. Қызмет мәртебесі сіздің жеке кабинетіңізде көрсетілетін болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілі Алтынай Татаеваның сөзінше, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш зейнеткерлік жасқа толғанға дейін 10 күн алдын беріледі.
Азаматтарды алдын ала брондау арқылы қабылдайтын ХҚО-ларда да өтініш беруге болады. Биыл жыл басынан бері 1 606 шымкенттік жасына байланысты зейнетақы тағайындауға онлайн форматта өтініш берген.
Айта кетсек,өткен жылдың осы кезеңінде 1 234 қала тұрғыны зейнетке шыққан болатын.