Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы ақпарат әр кезде де өзекті. Бұл қызметті рәсімдеу жолдарын «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының өкілдері түсіндіріп берді.
Қазір Шымкент қаласында 87 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Зейнетақы, оның ішінде базалық және БЖЗҚ төлемдері мемлекеттік корпорацияға жүгінген күннен бастап тағайындалып, өтінішті және барлық қажетті құжаттарды тіркеу өтініш берілген күннен бастап саналады.
Зейнетақы төлемдерін тіркеу үшін келесі құжаттар қажет: жеке куәлік, өтініш берушінің жұмыс өтілін растайтын құжаттар. Кей жағдайда қосымша құжаттар қажет болуы мүмкін: білімі туралы диплом, әскери билет, неке туралы куәлік, балалардың туу туралы куәліктері, «қандас» мәртебесін растайтын құжат және тағы басқалары.
Шымкенттіктерге зейнетақыны рәсімдеу үшін зейнеткерлік жасқа толуына 10 күн қалғанда ХҚКО-ға хабарласуға кеңес береміз. 2023 жылдан бастап ер адамдар зейнеткерлікке 63 жаста, ал әйелдер 61 жастан бастап шыға алады.
2022 жылы 65 мыңнан астам шымкенттік жасына байланысты зейнетақы тағайындауға өтініш берді.