​«Желсіз түнде жарық ай…» поэтикалық кеші өтті

​«Желсіз түнде жарық ай…» поэтикалық кеші өтті

Шымкент қаласында «Түнгі кітапхана» жобасы аясында қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Желсіз түнде жарық ай» атты поэтикалық кеш өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды кітап оқуға баулу үшін түнгі кітапханалар жұмысын ұйымдастырудың маңызын атап өткен болатын. Осы бастама алғаш Алматы қаласында қолға алынып, бүгінде еліміздің өзге өңірлерінде жүзеге асып келеді. Шымкент қаласында да бұл жобаға айрықша мән беріліп, рухани жаңғыруға жол ашатын мазмұнды іс-шаралар жиі ұйымдастырылуда. Жиынды Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырды.

Поэтикалық кешке зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар, шығармашыл жастар мен қала қонақтары қатысты. Шараның модераторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Құрал Көмек. Кеш барысында абайтанушы ғалымдар ақынның рухани мұрасы жайлы тың ойларымен бөлісіп, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері «Абай ауылы» атты театрландырылған музыкалық қойылым қойды. Абай шығармашылығын сүйіп оқитын жастар жүрекжарды өлеңдерін оқып, ән-күйден шашу шашты. Сонымен қатар көпшілік назарына тақырыптық кітап көрмесі мен әдеби инсталляциялар ұсынылды.

Бұл кеште «Абай әлемі» республикалық байқауы мен «Жеті қазына» фестивалінің жеңімпаздары өнер көрсетіп, «Алтын орта» әдеби клубының жастары ақын әлемінен сыр шертіп, сахналық қойылым ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – саз бен сөз құдіреті арқылы Абай шығармашылығын жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті сіңіру. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова кештің мән-маңызына тоқтала келе, «Түнгі кітапхана – жастарды әдебиетке, өнерге, руханиятқа жақындататын жаңа формат. Абай мұрасын дәріптеу арқылы біз ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздейміз» деді.

Түнгі қала төрінде өткен бұл мәдени шараға алпыстан астам көрермен қатысып, поэзия мен өнердің құдіретін сезініп, рухани әсерге бөленді.

«Шымкент келбеті»