Шымкентте Жұмыспен қамту орталығы мен «AZALA Textile» ЖШС арасында өзара бірлескен меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Shymenaqparat
Бүгінде «Оңтүстік» экономикалық аймағында 25 жоба іске асырылып, 2 293 жұмыс орны құрылған. Ал 2023 жылға дейін 2000-нан аса жұмыс орындарымен тағы 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Жұмыспен қамту орталығының өкілдері «AZALA Textile» тоқыма фабрика басшысымен өткен кездесуде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімді тұстары жөнінде пікірлесіп, азаматтарды «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс» бағыты арқылы жұмыспен қамту жөнінде келісім жүргізілді.
– Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуі үшін саланың қыр-сырын білетін кәсіби кадрлар керек. Бүгінде мамандар аз, жұмысшылар келсе үйретеміз, шеберлер бар. Өндіріс орнына тоқымашылар, тігіншілер, операторлар және дизайнерлер жетіспейді,- деді кәсіпорын директоры Жанар Кушерова.
Техникалық мамандық иелерін кәсіпорынға тартуды көздеген тоқыма фабрикасының өкілдері мемлекеттік бағдарламаның тиімділігіне қызығушылық танытып, алдағы уақытта керекті мамандарды жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастыруды жүзеге асырмақ.
Айта кетсек, «AZALA Textile» тоқыма фабрикасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажет бұйымдар шығарады. Сонымен бірге еліміздегі тігін цехтарынан медициналық бетперде жасауға қазір фабриканың сапалы маталарына, бөздеріне сұраныс артқан. Атап айтқанда, кәсіпорын Шымкентпен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларынан тапсырыс алып отыр.