Шымкент қаласында Жұмысшы мамандықтар жылының жабылу салтанаты өтіп, бір жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстар қорытындыланды. Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, өз саласында үздік нәтижеге қол жеткізген еңбек адамдарына арнайы марапаттар табыстады.
Бүгінде жұмысшы мамандық иелері – қоғам тіршілігінің негізгі тірегі. Қарапайым құдық қазушының еңбегі арқылы ауыл сусыз қалмайды, диқанның маңдай терімен егін егіледі, жүргізуші болмаса көлік жүрмейді, аспаз болмаса ас әзірленбейді. Еңбек – ауа мен су секілді адам өміріне аса қажетті құндылық. Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтарға ерекше мән беруі де осы өмірлік қажеттіліктен туындап отыр.
Жиын барысында WorldSkills Kazakhstan байқауында топ жарған Ғазиза Айдарханқызы қала әкімінің арнайы марапатына ие болды. Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті өз таланты мен еңбегінің арқасында жастарға үлгі бола білді. Ал халықаралық жарыстарда ел абыройын асқақтатып жүрген Қуаныш Ерланұлы, тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің оқытушысы ретінде болашақ аспаз мамандарын даярлауда елеулі еңбек етіп келеді.
Салтанатты кеште дуальды оқыту жүйесін дамыту, колледждер мен өндіріс орындары арасындағы әріптестікті нығайту мәселелері кеңінен сөз болды. Шара барысында білім беру мекемелері ұйымдастырған көрме де көпшілік назарына ұсынылды. Қала әкімінің орынбасары көрмені аралап, студенттердің шығармашылық жобаларымен танысты. Өз саласында жоғары нәтижеге жеткен өндірістік оқыту шеберлері, белсенді студенттер мен үздік кәсіпорындар жұмыстарын қала әкімдігінің ресми өкіліне таныстырды.