ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС-на баспасөз туры өткізілді. Онда жұмысшы мамандық иелерімен танысып, өндіріс барысын араладық. Қазіргі таңда мекемеде 200 адам жұмыс істейді. 2012 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі қызметі – медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіру.

Компанияның басқарушы директоры Асхат Ахметовтың айтуынша, өндірістің қуаттылығы – жылына 290 млн дана өнім шығару. Бастапқыда 57 түрлі атаумен медициналық бұйым өндірілсе, қазіргі таңда 460-қа жуық медициналық бұйым түрлері нарыққа шығарылуда. Атап айтқанда, вакуумді пробирка, стерильді ине және тағы басқа заттар еліміздің аймақтарына жеткізіліп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Ендігі ретте өнімдерді экспортқа шығару да жоспарда тұр.

Кәсіпорында еңбек өтілі жоғары, білікті мамандардың бірі – Эльмира Ахшораева. Сапа бөлімінің маманы мекемеде он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Шебер-технолог. Жұмысшы мамандығы жүрек қалауы екен.

– Мектепте оқып жүргенде химия пәніне қызығатынмын. Сол себепті ҚазҰУ-дің химия-технология факультетіне түсіп, оны үздік бітіріп шықтым. Мұнда ваккумді пробиркалар цехында еңбек етемін. Бұл цех тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Таңғы 8.30-дан бастап кешкі 19.00-ге дейін осындамын.

Өндіріс болғаннан кейін жұмыс барысында кейде форс-мажор жағдайлар боп тұрады. Соған төтеп беріп, тез арада шешім қабылдап үйрену керек. Жалпы айтқанда, өзімнің оқыған мамандығыммен қызмет атқарамын деген едім. Сол мақсатыма жеттім, – дейді Э.Ахшораева.

Халықаралық стандартқа сәйкес, сапа менеджмент жүйесі бар мекемеде қызмет атқару – зор жауапкершілік. Заман талабына сай біліктілік арттыру – уақыт талабы. Өндірісте жұмысшы мамандық иелеріне әлеуметтік қолдау тұрақты көрсетіледі.

Баспасөз туры – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, адал кәсіп иелерін танытуды көздейді. Бұл бағыттағы іс-шаралар шаһарда одан әрі жалғасын таппақ.

«Шымкент келбеті»