Қазақстанда 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай ел өңірлерінен түрлі салада еселі еңбек етіп жүрген азаматтар мемлекет тарапынан жоғары марапаттарға ие болуда. Солардың бірі — Оңтүстік Қазақстан өңірінің өкілі, автокөлік саласының ардагері, «ЮЖАВТОТРАНС» қауымдастығының төрағасы Каполов Дархан Қалмұратұлы.
Дархан Қалмұратұлы көлік саласына қосқан қомақты үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл марапат — ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық иелеріне көрсетіліп отырған құрметтің жарқын көрінісі.
Өмір жолы мен кәсіби қызметі
Каполов Дархан Қалмұратұлы 1950 жылы 26 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары — инженер-механик мамандығы бойынша Қазақ химия-технологиялық институтын (1974) және Өскемен құрылыс-жол институтын (1988) тәмамдаған.
Жалпы еңбек өтілі — 49 жыл, салалық тәжірибесі — 44 жыл, қазіргі қызметінде — 16 жылдан астам. Ол түрлі кезеңдерде өндірістік, әкімшілік және қоғамдық салаларда жауапты қызметтер атқарып, көлік саласының дамуына елеулі үлес қосты.