Қала әкімдігінде Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жүзеге асыру бойынша талқылау кеңесі өтті. Жиында Жолдауды жүзеге асыру тетіктері талқыға түсіп, байыпты баяндамалар жасалды. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қала әкімі Президенттің әрбір Жолдауы ел дамуының нақты бағытын айқындап, халықтың болашаққа деген сенімін нығайтатынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің экономикалық өркендеуіне, әлеуметтік тұрақтылығына, ғылым мен технологияны дамытуға, әділетті қоғам орнатуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Президент жүктеген міндеттердің барлығы халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Жолдауда экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері айқын көрсетілді. Президенттің алға қойған міндеттері еліміздің жаңа дәуірдегі дамуының берік іргетасы. Бұл мақсаттарға жету үшін әрбіріміз табандылықпен еңбек етіп, елдің игілігіне үлес қосуымыз қажет, – деді қала әкімі.
Жолдауда айтылған маңызды мәселелер жөнінде бірқатар азаматтар өз ойларын ортаға салды. Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері Оңалбай Аяшев, саясаттанушы Сәуле Рысбаева және тағы басқа азаматтар Жолдауға үн қосып, басым бағыттарды іске асыру жөнінде өз ойларымен бөлісті. Жасанды интеллект, цифрландыруды енгізудің қажеттігі, жаңа технологиялар, білім-ғылым дамудың бастар жолы екені, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасау керектігі айтылды.
Сондай-ақ, қатысушылар Жолдаудағы түйінді жағдайларға егжей-тегжейлі тоқталып, бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.
«Шымкент келбеті»