Зообақ жануарларын жаңа вольерлерге көшіру жұмыстары жалғасуда

Зообақ жануарларын жаңа вольерлерге көшіру жұмыстары жалғасуда

2020 жылы қолға алынған жобаға сәйкес қырық жылдан астам уақыт қолданыста болған вольерлерді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шілде айында Қайтпас, Қайсар есімді төрт жасар екі арыстан жаңа вольерге орналастырылған болатын.

Бүгінде екеуі де жаңа жайға үйренісіп, жағдайлары жақсарып қалған. Бұған дейін циркте өнер көрсеткен аңдармен қатар 2021 жылдың маусым айында 3 бас дала қасқыры, Новосибирск зообағынан әкелінген 2 қара және 2 қызыл қасқыр мен бес бас түлкі, шілде айында жергілікті цирктен әкелінген екі арыстан көшірілген. Барлық жануарлардың қазіргі жағдайлары жақсы. Алдын ала дайындық жұмыстары атқарылуына байланысты көшіру барысында ешқандай қиындық туындамады.

Шымкент қаласы Зообағының барлық жануарларына жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру үшін тамыз айында Боня және Клайд есімді гиббондар, үш ұрғашы жасыл мартышка жаңа жерге көшірілді. Қоңыр аюларға арнайы салынған вольерлер де бір апта уақыт алдын даяр болып, Тянь Шаньдық Татьяна және Понтик, цирктен әкелінген 5 жасар Барни мен Умка жаңа орынға ауыстырылды.

Жаңа орындар әр жануардың табиғи қажеттілігі және қызығушылығына қарай жасалып, кішігірім ойын алаңқайлары, бассейн және көлеңкелі ағаштармен қамтылған. Ескі және тар вольерлерде біраз уақыт өмір сүрген жануарлар жайлы жерлерге үйренісіп, күнделікті өмір барысын жалғастыруда.


Аталмыш жобаға сәйкес келер жылы барлық ескірген вольерлер кезек-кезегімен сүріліп, 2023 жылы толықтай жаңарту жоспарланған.