Тәуелсіздіктің нығаюына, мемлекеттіліктің іргетасы берік болып қалануына қазақ журналистері де ерен еңбек сіңірді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне орай Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапханада өткен салтанатты шарада қала әкімінің біріншісі орынбасары Шыңғыс Мұқан осылай деді.
– Шымкент – бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы жағынан республикада алдыңғы қатарда келе жатқан қала. Сіздер биліктің атқарған істерін халыққа жеткізіп, халықтың мұң-мұқтажына биліктің назарын аударып, алтын көпір қызметін атқарып келесіздер. Ел ішіндегі өзекті проблемаларды көтеріп, қоғамдық ойдың дұрыс бағытта қалыптасуына еңбек сіңіре жүріп, Сіздер Тәуелсіздіктің нығая түсуіне, мемлекеттіліктің іргесі берік болуына лайықты үлес қостыңыздар, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Мереке қарасаңында бірқатар журналистер «Ерен еңбегі үшін» медальімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен және қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Оның ішінде «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан – «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-інің заңгері Ұлбосын Какимова – «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен және қала әкімінің Алғыс хатымен, аталған мекеменің менеджері Ақжібек Мұстафина және «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Айдар Құлжанов – қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.