Шымкентте жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін баспасөз туры барысында «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мекемесінің инвестициялық бағдарламалары мен тарифтік сметалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстары таныстырылды.
Іс-шараны Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырды. Мекеме 2021–2026 жылдарға арналған жалпы құны 81,8 млн теңгеден асатын инвестициялық бағдарлама шеңберінде қаланың жылу желілерін кезең-кезеңімен қайта құру жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, биылға жоспарланған 454 метр жылу желісін ауыстыру жұмыстары толық орындалған. Бұл мақсатқа 16,3 млн теңге қарастырылған болса, оның 12,3 млн теңгесі игеріліп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде 3,9 млн теңге үнемделген. Жаңғырту нәтижесінде жылу жүйелеріндегі ысыраптар қысқарып, апаттық жағдайлар азайып, ең бастысы, тұрғындарға жеткізілетін жылу сапасы артып отыр.
«Қуатжылуорталық-3» мекемесі бүгінде Шымкент қаласының жылу жүйелеріне толық қызмет көрсетеді. Қазір қалада 2154 көпқабатты үй, 279 әлеуметтік нысан, соның ішінде, мектеп, балабақша мен аурухана, 238 заңды тұлға орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 823,8 шақырымды құрайды, соның ішінде 150 шақырымы магистралдық, 673,8 шақырымы орамішілік желілер.
Мекеме директорының орынбасары Айдарбек Қалдыкөзов жылу желілерін жаңғыртудағы нақты жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, осы бағдарлама аясында бөлінген қаражат есебінен «Күншығыс» шағынауданындағы 11А үйге дейінгі ұзындығы 454 метр құбыр толық ауыстырылды. Бұрын жиі ақау шығаратын ескі құбырлардың орнына жаңа жүйе орнатылып, бүгінде сапалы жылу жеткізіліп отыр. «Бұл жұмыстардың нәтижесінде нормативтік ысыраптар 1,5 пайыздан 0,4 пайызға дейін төмендеді. Жылу сапасы артып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет деңгейі жақсарды. Жалпы, мұндай жұмыстар тек бір шағынауданмен шектелмейді, қала бойынша жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, тариф есебінен қарастырылған ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында биыл тоқсанға жуық нысанда жылу құбырларындағы ақаулар жойылды. Ең бастысы, тарифтің өзі өзгерген жоқ, бұрынғы деңгейде сақталып отыр. Тұтынушылар үшін дифференциалды мөлшерлемелер қарастырылған, яғни халыққа, заңды тұлғаларға және бюджеттік мекемелерге бөлек есептеледі. Сонымен бірге есептегіш құралдары бар және жоқ тұтынушылар үшін де айырмашылық бар», деді ол.
Ал Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Позилов бұл жұмыстардың нәтижесі тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей ықпал ететінін атап өтті. «Бүгінгі тур барысында тұтынушыларға жеткізілетін жылудың сапасы мен оны жақсарту бағытындағы жұмыстарға көз жеткіздік. Жылу ысырабы 0,1 пайызға дейін төмендеп отыр. Бұл үлкен жұмыс. Құбырлардың кезең-кезеңімен жөнделуі реинвестиция жұмыстарының нақты нәтижесі. Кеше ғана Мемлекет басшысы өз Жолдауында инфрақұрылымды дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Бүгінгі жұмыс сол тапсырмалардың іс жүзіндегі көрінісі. Әрине, қаржы көлемі аздау болуы мүмкін. Бірақ жауапты мекемелердің айтуынша, қаражат жыл сайын артып отырады. Сондықтан бұл тек бастамасы ғана. Бастысы, халыққа сапалы жылу жеткізу. Әрбір пәтер иесі, балабақша, мектеп, аурухана үздіксіз жылумен қамтылуға тиіс. Бүгін өзім тұратын үйге қатысты сұрақтарым болды, соларға толық жауап алдым. Қарапайым халық үшін маңыздысы сапа. Халық ақша төлеп отыр, сондықтан көрсетілетін қызмет жоғары деңгейде болуы қажет. Осындай ашық баспасөз турларының өткізілуі жұмыстың жариялылығы мен «еститін мемлекет» қағидасының нақты дәлелі», деді ол.
Атқарылып жатқан жұмыстар тек құбырларды ауыстырумен шектелмей, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, апаттардың алдын алуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Халық төлеген әр теңгенің қайда жұмсалып жатқанын түсіндіру үшін осындай кездесулер өткізіліп, ашықтық қамтамасыз етіліп келеді.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»