Марзия Оспанова – жүзден аса науқасқа сәтті реанимация жасап, ажалдан арашалап қалған абзал жандардың бірі, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Білікті маман жедел жәрдем қажет ететін науқастарға шұғыл көмек көрсетеді. Дәрігердің осы салада 32 жылдық тәжірбиесі бар.
– 103 қызметінде сәтті реанимациялық көмек көрсету өте маңызды. Өйткені, біз сәтті реанимациялық көмек көрсету арқылы жүрегі тоқтап қалған науқастарды ажалдан арашалап қаламыз. Бірнеше жыл бұрын сәтті реанимация жасағаным ерекше есімде қалды. Қаладағы дәмханалардың бірінен шақырту түскен. Инфаркт алған ер кісіге щұғыл медициналық қызмет көрсеттік. Реанимациялық көмек көрсету өте қиын болды. Дегенмен барлығы сәтті аяқталып, науқасты кардиологиялық орталыққа жеткіздік. Осындай әрбір күрделі жағдайларда шыңдалып, тәжірибемді арттырып келемін, – дейді фельдшердің өзі.
Марзия Тойшыбекқызы – қазіргі уақытта фельдшерлердің тәлімгері. Олармен үнемі практикалық дағдылар бойынша оқыту жүргізеді. Түрлі шұғыл жағдайларда науқастарды құтқарады және көмек көрсетуде аянбай еңбек етіп келеді. Ол бірнеше рет республикалық сайыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген.