13 ақпаннан бастап көлік жүргізуге тек жеке куәлік жеткілікті

13 ақпаннан бастап көлік жүргізуге тек жеке куәлік жеткілікті

Ел азаматтарына 13 ақпаннан бастап жүргiзушi куәлiгi мен техникалық паспортты өзімен бірге алып жүрмей-ақ, тек жеке куәлікпен көлік басқаруына рұқсат етіледі, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.

Мемлекет басшысы жүргізуші құжаттарын ақпараттық жүйелер арқылы тексеру, жүргізушілерге құжаттардың қағаз нұсқаларын өзімен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік беру туралы мәселені көтеріп, ІІМ-не заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырған болатын.

Міне, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Жаңа заң ағымдағы жылдың 13 ақпанынан бастап күшіне енеді. Бұрын Қазақстанда жүргізуші құжаттарының бірінің жоқтығы үшін ескерту (егер алғаш рет болса) алатын немесе 5 АЕК айыппұл төлейтін.

Енді жүргізушілерге көлікті жүргізген кезде өзімен бірге тек бір ғана құжат - жеке басын куәландыратын куәлікті алып жүру жеткілікті.

Мұндай қолданысқа енген заманауи тәжірибе Грузия, Украина, Польша, Латвия, Литва сынды бұдан да өзге бірқатар мемлекеттерде бар.

Фото: ашық дереккөз