15 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп жатыр

15 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп жатыр

Шымкент қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл тамыз айында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында көппәтерлі 15 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының теңгеріміндегі коммуналдық 21 көппәтерлі тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары да қолға алынған.

Солардың бірі – Абай ауданына қарасты Әл-Фараби көшесі №21 үйдегі күрделі жөндеу жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Мердігер мекеменің өкілі Нұрлан Әлінің айтуынша, құрылыс жұмыстарын 10 күннің ішінде толық аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта шатыры толық ауыстырылып, қасбет жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 12 адам жұмылдырылған. Тұрғындардың өтініші бойынша мердігер компания кіреберісті де реттеп бермек.

Үй комитетінің төрайымы Шарапат Жүсіпбекова мердігер мекеменің жұмысын көңілдерінен шығып жатқанын айтады. Зейнеткер 3 жылдан бері үй комиттетінің төрайымы қызметін атқарып жүр. Осы үйде 9 жылдан бері тұрады.

– Күрделі жөндеу жүргізуге тұрғындармен бірлесе 2021 жылдан әрекет жасадық. Бұл үйдің жөндеу көрмегеніне 51 жыл болған екен. «Тұрғын Үй Шымкент» ЖШС-іне барып өтініш жаздық. Сонымен, биыл модернизацияға іліндік. Мердігер компания жұмысы тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Біздің ұсыныстарымызды ескеріп, жұмысты сапалы атқаруда. Кіреберісімізді де ақысыз істеп бермек. Жалпы жергілікті бюджет бағдарламасы болғаннан кейін қайтарымды несие қаражатының пайызы жоқ. Осы жағы да бізге қолайлы болып отыр, – дейді 40 жыл ұстаз болған зейнеткер.

Көпқабатты тұрғын үйдің шатыры және артқы фасады ретке келтіріліп қойды. Енді он күннен кейін тұрғын үй жаңа кейіпке енбек. Абай ауданы әкімдігі тұрғын үйдің ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізген. Шаһарда тозығы жеткен үйлерді жаңғырту жұмыстары осылайша кезең-кезеңімен атқарылуда.