​Шымкентте спорт саласының үздіктері марапатталды

​Шымкентте спорт саласының үздіктері марапатталды


2025 жылғы 31 желтоқсанда Шымкент қаласындағы «Жастар ресурстық орталығында» қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен спорт саласының үздіктерін марапаттау шарасы өтті. Жиын 2025 жыл қорытындысы бойынша өңір спортындағы үздік спортшыларды, жаттықтырушыларды, спорт мекемелері мен федерациялардың жұмысын ұлықтауға арналды.

Салтанатты рәсімді ашқан қала әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының спорт саласына айрықша қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Президентіміз спортты тек жеңіс пен имидж құралы ретінде емес, халық денсаулығын нығайтатын маңызды сала ретінде қарастыру қажеттігін үнемі айтып келеді. Бүгінде бұл бағытта Шымкентте жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қалада спорт инфрақұрылымы жаңарып, жаңа нысандар пайдалануға берілуде, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Мұның барлығы – тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жасалған нақты жағдай», – деді Ғабит Әбдімажитұлы.

Жиын барысында 2025 жылы Шымкент қаласында спортты дамыту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Қала әкімінің қолдауымен жаңа спорт нысандары іске қосылып, бұқаралық және қолжетімді спортты дамытуға басымдық берілді. Атап айтқанда, жыл ішінде өңірде 317 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 70 мыңға жуық тұрғын қамтылды. Бұл бастамалар қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал етті.

Өткен жыл шымкенттік спортшылар үшін табысты болды. Халықаралық және республикалық жарыстарда өңір спортшылары барлығы 2671 медаль жеңіп алды. Оның ішінде Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 760 алтын, 717 күміс, 769 қола, Азия чемпионаттарында 102 алтын, 75 күміс, 67 қола, ал әлем чемпионаттары мен әлем кубоктарында 70 алтын, 58 күміс және 53 қола медаль иеленді.

Сондай-ақ 2025 жылы 5 жаттықтырушыға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», 6 спортшыға «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді. Бұдан бөлек, 35 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 128 спорт шебері даярланды. Қазіргі таңда 1240 шымкенттік спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрамалары сапында ел намысын қорғап жүр.

Салтанатты рәсім барысында олимпиадалық, олимпиадалық емес, ұлттық, қысқы және сурдо спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы», «Үздік жаттықтырушы», «Үздік спорт клубы», «Үздік спорт федерациясы», «Үздік спорт мектебі», «Үздік спорт журналисі» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды. Әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табысталды.

Іс-шара соңында қала басшысы спортшыларға алғыс білдіріп, алдағы жылы да жоғары жетістіктер күтетініне сенім білдірді.

«Шымкент келбеті»