ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында құқық қорғау органдары және әлеуметтік мекемелерде атқарылған жұмыстармен танысып, қызметкерлердің, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады.
Сенаторлар алдымен Шымкент қаласының прокуратурасына барды. Қала прокуроры Ғабит Мұқанов және қызметкерлермен кездесуде заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қызметі мәселелерін талқыға салып, жүзеге асырылған түрлі жобалар, іс-шаралардың барысына куә болды. Көпшілікке осы бағыттағы жұмыстар бойынша бейнеролик көрсетілді.
Н.Бекназаров құқық қорғау жүйесіндегі реформалар, өзгерістер жөнінде жан-жақты баяндап, қалада прокуратура органдарында бұл бағытта тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатқанына тоқталды. Шаһарда азаматтардың құқықтарын қорғау, заңдылықты сақтауда алға ілгерілеу бар.
Сенат депутаттары одан әрі Шымкент қаласының Полиция департаментінде жаңадан ашылған азаматтарды қабылдау бөлмесін және музейді аралап, қызметкерлермен жүздесті. Ішкі істер органдарына қатысты заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер аясында қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар деңгейі мен алдын алу мәселелері бойынша қызметкерлермен жиын өткізді.
Департамент бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қаладағы құқықбұзушылық жағдайы, ондағы негізгі көрсеткіштерді баяндады.
Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының “Белсенді ұзақ өмір орталығы”мекемесінің жұмысымен танысу іс-шарасы өтті. Жаңа ғимаратта екі ауысымда 200-ге дейін зейнеткерге қызмет көрсетілуде. Жалпы қажетті барлық жағдайлар жасалған. Сенаторлар барлық бөлмелерді аралап көріп, қызмет алушылармен әңгімелесті.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл, көлеңкелі экономикамен күрес, экономикалық қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесу ұйымдастырылды. Департамент басшысы Бақыт Қайшыбеков атқарылған жұмыстармен таныстырып, қызметкерлерге барлық жағдайлар жасалғанын жеткізді. Тергеу басқармасының кабинеттерін аралап көрген сенаторлар қазіргі уақытта экономикалық, қаржылық құқықбұзушылықтарға қарсы көптеген іс-шаралар өтіп жатқанын айтты.
Өз кезегінде департамент қызметкерлері шетелде біліктілікті арттыру, білім алу сынды ұсыныстарын білдірді.
«Шымкент келбеті»