Шымкентте 203 тұрғынға пәтер кілті табысталды

Шымкентте 203 тұрғынға пәтер кілті табысталды

Шымкент қаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында кезекті баспана табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныс иелерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, тұрғындарға ізгі тілегін білдірді.

Аталған тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ арқылы іске асырылып жатқан «5-10-20» және «2-10-20» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде берілуде. «Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Еркін Ақыншаевтің айтуынша, ағымдағы жылдың қараша айында Бозарық мөлтек ауданында орналасқан 444 пәтерге конкурс өткізілген. Конкурсқа шамамен 8 мыңға жуық қала тұрғыны қатысқан.

Нәтижесінде төлем қабілетін растау және несиелік талаптарға сәйкестігін тексеру кезеңінен 203 азамат өткен. Оның ішінде әлеуметтік осал топ өкілдері «2-10-20» бағдарламасы арқылы, ал бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін азаматтар «5-10-20» бағдарламасымен баспана алған. Бүгінгі таңда аталған 203 пәтердің кілті өз иелеріне табысталды.

- Қалған 241 пәтер бойынша конкурсқа қатысқан азаматтарды төлем қабілетін растау үшін 2026 жылдың қаңтар айынан бастап кезең-кезеңімен банкке шақыру жоспарланып отыр. Бұл санатқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлер басымдықпен қарастырылады, - деді Еркін Ақыншаев.

Сонымен қатар, «Отбасы банк» арқылы мемлекеттік бағдарламалар келесі жылы да өз жалғасын табады. Бұдан бөлек, банктің ішкі нарықтық бағдарламалары, сондай-ақ қаладағы құрылыс компаниялары ұсынатын тұрғын үйлерді қаржыландыру тетіктері де тоқтатылмайды.

Салтанатты рәсім барысында жаңа пәтер иелерінің бірі, бірінші топтағы мүгедек баланың анасы Нағима Молдасапарова өз қуанышымен бөлісті. Ол сегіз жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, бір бөлмелі пәтерге ие болғанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, барша тұрғындарды келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, әр отбасына амандық пен тыныштық тіледі.

Аталған бастама қала тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған және алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

«Шымкент келбеті»